Еуроодақ адам өмірі үшін қауіпті фармацевтикалық ластануды азайту жоспарынан бас тартты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardianбасылымына сілтеме жасап.
Әлем жаңалықтары
Еуроодақтың медициналық өнім мен дәрі-дәрмектердің экологиялық қаупі туралы экологиялық стандарттарға енгізілген фармацевтикалық компанияларды бақылау жоспары алынып тасталуы мүмкін.
Жыл сайын дәрі-дәрмектен, антибиотик қалдықтарынан 700 мың адам қайтыс болады.
Ұлыбританияның бас медицина маманы Дам Салли Дэвистің айтуынша, бұл антибиотик апокалипсисіне әкелуі мүмкін. Өз кезегінде бұл «заманауи медицинаға» нүкте қояды, себебі қарапайым инфекция тиімді ем бере алмайды.
Кейбір зерттеулерде микробқа қарсы препараттарға 75 триллион доллар жұмсалатыны, 2050 жылға дейін жыл сайынғы өлім көрсеткіші 10 миллионға жетуі мүмкін екені айтылған.
Еуроодақтың қоршаған ортадағы фармацевтикалық препараттардың статегиясы бұл қауіптің алдын алуы керек еді. Бірақ бұл жоба соңына дейін қолға алынбаған немесе мүлдем назардан тыс қалған.
Белгіленген стандартқа сәйкес Еуроодақ антибиотиктерді қолданудың экологиялық критерилерін де ескеруі керек. Бұл тіпті «Өндіріс тәжірибесіне талаптар» секілді халықаралық келісімге де енгізілген. Осы арқылы Еуроодақ Азия мен Африкада болып, фармацевтикалық ластануды тексере алатын еді. Сонымен қатар бұл жағдай Еуроодақ пен Үндістан арасыдағы сауда келісімдеріне де анағұрлым көп әсер етуі керек болатын. Айта кету керек, Үндістанда соңғы он жылда су жолдарының ластануы өндірістік қалдықтар есебінен екі есе артқан.
Былтыр Science Infection журналында жарияланған зерттеу мақалада Үндістанның заңсыз антибиотпик пен дәрі-дәрмек шығаратын орталық екені айтылған. Зерттеушілердің айтуынша, антибиотиктік ластанудың ең жоғары көрсеткіші де осы мемлекетке тиесілі.
«Фармацевтикалық ластану қауіпті бактериялардың тарауына алып келеді. Еурокомиссия бұл мәселенің экологиялық критерийін алып тастағанына біз қатты таңғалдық», - дейді «Нарықтың өзгеруі» қорының баспасөз хатшысы Нуса Урбанчич.
Оның айтуынша, Еуроодақ стандарттарының жаңа жобасы толық пысықталмаған. Еуродақтың денсаулық сақтау кеңесінің бас хатшысы Реншоудың да осы пікірді құптайды.
«Жаңа ереже тиімді жұмыс істемейтін болады. Себебі антибиотиктерді заңсыз жолмен шығару тыйылмайды», - деді ол.
Жаңа жобада фармацевтикалық фирмалардың суға төгілген қалдықтардың құрамы туралы мәліметтерді жинап, бақылап, оны таратуы туралы бөлім де алынып тасталған. Ғалымдар бұл туралы жүргізілетін жаһандық зерттеулердің де аздығына алаңдаулы. Себебі толық ақпараттың болмауы қоғамның денсаулығына да, коммерцияға да кері әсерін тигізуі мүмкін.
Ал, кәсіпкерлердің айтуынша, дәрі-дәрмек, әсіресе, антибиотиктердің экологиялық әсері туралы ашық ақпарат инвестор тарту үшін кедергі келтіруі мүмкін.
Комиссия стратегиясының алғашқы нұсқасында «фармацевтикалық препараттардың орынсыз қолданылуын алып тастау» атты бөлім болса, кейін ол корпоративтік мақсатта «фармацевтикалық препараттарды орынды қолдануға ықпал ету» деп редакцияланған.
Мамандардың айтуынша, комиссияның стратегиясы үш жылға кейінге қалдырылған. Бірақ жобаның назардан тыс қалуына бүкіл әлемнің фармацевтикалық өндірісі әсер еткен болуы мүмкін.
Еуропалық комиссия бұл құжаттарға байланысты пікір білдіруден бас тартты.
Айта кету керек, фармацевтикалық өндіріс 2015 жылы Еуроодақ институттарының лоббиіне 40 миллион евро жұмсаған, сондықтан көптеген лауазымды тұлғаларға сөзін өткізе алады. Еуроодақтың фармацевтикалық препараттарға байланысты жаңа стртегиясы жаздың соңына қарай жарияланады деп күтілуде.