Әлем жаңалықтары
2014 жылы 1300-ден астам медициналық мекеме дәрілік заттармен тегін қамтылады. Мұндай мәлімдемені дәрі-дәрмек сатып алумен айналысатын еліміздегі бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» жасады. Сатып алынған дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың және аса қажетті препараттардың алғашқы бөлігі 1 қаңтардан бастап ауруханаларға жеткізіледі.
Қазақстандық емделушілер үшін 90 миллиард теңгеге, 1000-ға жуық дәрі-дәрмек түрі сатып алынды. Осы бірыңғай дистрибьюторлар тізіміне адам өмірі үшін аса маңызды препараттар кірді. Енді санаулы күндерден кейін Қазақстандағы ауруханаларға диабет, түберкулез, СПИД ауруларына қарсы қолданылатын қымбат дәрі-дәрмек түседі.
Игорь Зачнойко, «СК-Фармация» ЖШС атқарушы директоры:
- Сатып алу былай жүзеге асады, ең алдымен, бір жыл бойғы емделуші науқастар санына байланысты емханалардан өтініш қағаздар жиналады. Ары қарай нақтылап, түзетулер енгіземіз.
Бірыңғай дистрибьюторлар иммунизация бағдарламасын өткізу үшін вакциналар сатып алады. Бүгінде отандық вакцина жүйесі ТМД елдері ішінде алдыңғы орында. Елімізде шығарылмайтын көптеген дәрі шетел өндірушілерінің өз қолынан сатып алынады. Ал, елімізде шығатын отандық дәрі-дәрмекті сатып алу мөлшері ұлғайып келеді.
Игорь Зачнойко, «СК-Фармация» ЖШС атқарушы директоры:
- Біздің компаниямыздың тағы бір бағыты, отандық тауар өндірушілерді қолдау болып табылады. Келесі жылы да бұл бағытта жұмыс атқарылады деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда бірыңғай дистрибьюторлық жүйе арқылы сатып алынатын отандық өндірушілер үлесі 75 пайызға жетті.
Қазірдің өзінде Индустрияландыру картасына кіретін компаниялармен ұзақмерзімді 15 келісімшарт жасалды. Сонымен қатар, жайлы инвестициялық жағдай жасалғандықтан, шетел инвесторлары да бұл салаға назар аударуда.