Әлем жаңалықтары
Француз мамандары Қазақстанның онкологиялық қызметін жетілдіруге көмектеседі.
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың Париждегі жұмыс сапары шеңберінде өткен екі жақты кездесудің нәтижесінде Гюстав Русси атындағы Онкологиялық институттың бас директоры, профессор Александр Эггермонтпен тиісті келісімдерге қол жеткізілді.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар Қазақстанда онкологиялық аурулардың алдын алудың, диагностикалаудың және емдеудің өзекті мәселелерін талқылады.
Келісімнің қорытындысы бойынша Тамара Дүйсенова және Александр Эггермонт Қазақстанның онкологиялық қызметін дамыту мәселелері бойынша серіктестікті ары қарай жалғастыруға, сондай-ақ Қазақстанның онкологиялық қызметін жетілдіру бойынша бірлескен шараларды жүзеге асыру мақсатында Гюстав Русси атындағы Онкологиялық институттың мамандарының Астанаға келуі жөнінде келісті.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы қыркүйекте Тамара Дүйсенова мен Александр Эггермонт арасында Қазақстанның онкологиялық қызметін дамытудың жол картасын әзірлеу бойынша ынтымақтастық жөнінде келісімге қол жеткізілген болатын.
Сол кезде Александр Эггермонт ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметік даму министрінің Қазақстан Республикасының ересектер үшін онкологиялық қызметін дамыту мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалған.