Әлем жаңалықтары
Бразилия мен АҚШ мамандары Латын Америкасында 30-дан астам елге тарап үлгерген Зика індетінің ана құрсағындағы балаға әсерін зерттей түспек. Бүгін Бразилия денсаулық сақтау министрі Марсело Кастро осындай мәлімдеме жасады. Мәселен, жергілікті мамандар «Зика безгегі ана құрсағындағы баланың басына әсер етеді» деген ұстанымда болғанымен, ол әлі толық дәлелденбеген.
Сондықтан, жақын арада Бразилияның Параиба штатында халықаралық дәрежедегі бір топ маман тағы зерттеу жүргізеді. Бұған қоса ғалымдар қауіпті вирустың адам бұлшық етін әлсіретіп, сал қылып тастайтын Гийена-Барре ауруымен байланысын да тексермек. Ал қазір Бразилияда 580-нен астам жүкті келіншектің Зиканы жұқтырғаны нақты анықталды. Ол аздай тағы 5 мыңға тарта болашақ ана індетті жұқтырды деген күдік бар. Марсело Кастро, Бразилияның денсаулық сақтау министрі: - Параиба штатында біздің министрлік пен АҚШ-тың ауруды бақылау орталығы бастаған арнаулы топ мүшелері енді 50 күн тынбай еңбек етеді. Кәсіпқой мамандар Зика безгегінің ана құрсағында жатқан баланың басына, жалпы оның ағзасының дамуына қалай әсер ететінін терең зерттеуге кіріседі.