Әлем жаңалықтары
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер бетінде қала тұрғындарының 80 пайыздан астамы нормадан асып кеткен ластанған ауамен демалады. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жаңа баяндамасында айтылды. Оның авторлары табысы орта және төмен елдерде ауа сапасы нашарлап бара жатқанын айтып дабыл қағуда.
ДДСҰ осы баяндаманы әзірлеу барысында әлемдегі жүзден астам мемлекеттің 3 мыңдай қаласындағы ауа сапасын тексеріп шықты.
Табысы төмен немесе орташа елдердегі 100 мыңнан астам тұрғыны бар қалалардың 98 пайызында ауаның сапасы халықаралық талаптар бойынша ұйғарынды ластану деңгейіне жауап бермейтіні белгілі болды. Ауқатты елдердің ішінде қалалардың 56 пайызының тұрғындары ластанған ауамен тыныс алады.
«Ауаның ластануы - адамдардың ауруға шалдығуы және мезгілсіз өлімнің басты себептерінің бірі. Қаладағы ауа қатты ластанса, ол жастарға, қарияларға және жағдайы төмен жандарға залалын тигізеді», - деді ДДСҰ бас директорының көмекшісі Флавия Бустрео.
Еуропа және Америка, сонымен қатар Тынық мұхитының батыс бөлігіндегі аймақтағы кей елдердің ауасы таза саналады. Сапасы төмен нашар ауа Шығыс Жерорта теңізі аймақтары мен Оңтүстік Шығыс Азия бөлігінде таралуда.
Сарапшылардың айтуынша ауа сапасының жақсаруы халық ауруын емдеуге кететін шығынды азайтады.