Әлем жаңалықтары
Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиададан күллі әлемдегі елдердің денсаулық сақтау саласына зор қауіп төнді. Себебі бүгінде Бразилия Зика вирусының таралу ошағына айналған. Сарапшылардың пікірінше, спортшы әйелдердің бұл ойындарға қатысудан бас тартқаны жөн. Өйткені егер олар Олимпиада кезінде Зика вирусын жұқтырып алса, кейіннен көтеруі мүмкін сәбидің ауыр дертке шалдығып туылуы мүмкін, деп хабарлайды epochtimes.ru. Осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдік қауымдастықты дертке қарсы барынша тойтарыс беруге шақырып отыр. Ал канадалық профессор Амир Аттаран Harvard Public Health ғылыми басылымында былай деді: «Зика вирусы Бразилиядан бүкіл әлемге таралатыны айқын нәрсе. Жалпы барлық дерлік вирус қолайлы жағдай мен уақыт туындаған кезде солай етеді. Бұл үдерісті өзіміз одан әрі үдетпесек екен. Себебі қазірдің өзінде құрлықтарға таралған вирус салдарынан әлемнің денсаулық сақтау саласына зор қауіп төнді». Естеріңізге сала кетсек, Зика безгегі – маймылдар арасында тез таралатын жұқпалы ауру. Бұл ауру адамдарға маса арқылы жұғады.